ОЛИМПИАДА ЕРЕЖЕСІ ЖӘНЕ РЕГЛАМЕНТІ
Химиядан мектеп оқушыларының халықаралық
Менделеев олимпиадасының құрылтайшы ұйымдарының,
38-ші ХМО ұйымдастыру комитетінің өкілдерінің және
38-ші ХМО қатысушы елдердің ұлттық командалары
басшыларының жалпы жиналысымен 2004 ж.9 мамырда бекітілген
(Кишинэу қаласы, Молдова Республикасы)
 
ХИМИЯДАН МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕНДЕЛЕЕВ ОЛИМПИАДАСЫ ТУРАЛЫ ЕРЕЖЕ
 
I. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже химиядан мектеп оқушыларының халықаралық Менделеев олимпиадасының (бұдан әрі – ХМО) мәртебесін, мақсаттары мен міндеттерін, оны өткізу тәртібін айқындайды.
2. ХМО халықаралық мәртебесі бұл олимпиада – Бүкілодақтық химия олимпиадасының орнын басушы, оның үздік дәстүрлерін сақтап келген, аса танымалдық пен жоғары халықаралық беделге ие болған, КСРО ыдырағаннан кейін де өткізіліп келе жатқан мектептегі пәндік олимпиадаларының ішінде жалғыз олимпиада екіндігімен айқындалады.
3. ХМО негізгі мақсаттары мен міндеттері:
халықаралық байланыстарды және тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) мен Балтық елдерінен, сондай-ақ басқа да мемлекеттерден келген дарынды балалардың өзара достық қарым-қатынастарын дамыту;
химия пәнінен теория және эксперименталды есептерді тәуелсіз әрі шығармашылық тұрғыда шешу арқылы химияға қызығушылық танытқан мектеп оқушыларының белсенділігін ынталандыру;
қатысушы елдердегі химиялық білімді жоғары стандарттарда ұстау үшін осы саладағы шығармашылық тәжірибе алмасу;
орта мектеп оқушылары арасында аса дарынды балаларды анықтау және оларға қатысушы елдердің жетекші жоғары оқу орындарынан жоғары білім алуына жәрдемдесу;
ХМО жұмыс тілі – орыс тілі.
4. ХМО жыл сайын сәуірдің аяғы – мамырдың басында қатысушы елдердің бірінде өткізіледі.
5. ХМО бастамашысы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (бұдан әрі – ММУ) болып табылады.  
6. ХМО ұйымдастыру және өткізу ХМО өткізуші елдердің білім министрліктері мен мемлекеттік университеттердің (немесе басқа да бейінді институттардың) химия факультеттерінің қолдауымен жүзеге асырылады.
 
II. ХМО басқару органдары
7. ХМО өткізуші елдің Білім министрлігі және ММУ:
ХМО ұйымдастыру комитетінің құрамын қалыптастырады және бекітеді;
әдістемелік комиссияның төрағасын тағайындайды;
ХМО ұйымдастыру комитетінің, әдістемелік комиссияның және қазылар алқасының, сондай-ақ қатысушы елдердің осы Ережеге өзгертулер енгізу жөніндегі ұсыныстарын қарайды;
ХМО қорытындысы туралы ұйымдастыру комитеті мен қазылар алқасының есебін бекітеді.
 
III. ХМО ұйымдастыру комитеті
8. ХМО ұйымдастыру комитеті жыл сайын кезекті олимпиада өткізуге дейін кем дегенде бір жыл бұрын құрылады. Ол осы Ережеге сәйкес ХМО дайындау және өткізу бойынша барлық қажетті жұмысты жүзеге асырады.
9. Ұйымдастыру комитетінің жұмысын оның екі тең төрағасы басқарады. Тең төрағалардың бірі ұйымдастырушы елдің атынан шығады, ұйымдастыру комитетінің екінші тең төрағасы ММУ химия факультетінің деканы болып табылады. Барлық мәселелерді шешу кезінде екі төраға да тең құқықтарын пайдаланады.
10. ХМО дайындау және өткізу кезінде ұйымдастыру комитеті:
ХМО қатысушы мемлекеттерге шақыру қағаздарын жібереді, қатысушы мемлекеттің үкіметтік органдарымен ХМО-ға қатысатын ұлттық командалардың сандық құрамы, оларды қабылдау және келуі жөніндегі барлық мәселелерді келіседі;
ХМО қазылар алқасының құрамын бекітеді;
ХМО өткізуге жұмсалатын шығындар сметасын жасайды;
әдістемелік комиссияның тапсырмалар мен әдістемелік материалдар дайындау, ХМО тапсырма мәтіндерін тираждау бойынша жұмысын қамтамасыз етеді;
ХМО өткізу бағдарламасын әзірлейді және іске асырады;
ХМО өткізетін орында қатысушы командаларды қабылдау мен орналастыруды ұйымдастырады;
материал жинақтарын кейін жариялау арқылы қатысушы елдердегі химия ғылымы мен білімінің қазіргі проблемалары жөнінде ғылыми-әдістемелік семинарлар мен «Дөңгелек үстелдер» ұйымдастырады және өткізеді;
бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп әрекет етеді және ХМО барысы мен нәтижелерін БАҚ-на жариялауды ұйымдастырады;
ХМО өткізілуі мен қорытындылары туралы есепті ол аяқталғаннан кейін екі ай мерзімнен кешіктірмей құрастырады және Ресей Федерациясының және ұйымдастырушы елдің халыққа білім беру (ағарту) органдарына тапсырады.
 
IV. Әдістемелік комиссия
11. Әдістемелік комиссияның жұмысын оның төрағасы басқарады.
12. Әдістемелік комиссияның төрағасы қатысушы елдердің өкілдерінен оның құрамын қалыптастырады.
13. Әдістемелік комиссияның міндеттеріне:
ХМО ғылыми-әдістемелік тұжырымдаманы әзірлеу;
ағымдағы ХМО теориялық және эксперименталды айналымдарына арналған тапсырмалар мен олардың шешулерін дайындау;
тапсырмалардың шешуін баллмен бағалау критерийлерін әзірлеу;
өткізілген ХМО нәтижелерін талдау және одан әрі жұмыс жүргізу жөнінде ұсыныстар дайындау;
дайындық есептері мен басқа да олимпиадалық әдістемелік материалдардың жинақтарын құрастыру жатады.
14. Кезекті олимпиада өткізілгенге дейін кем дегенде үш ай бұрын теориялық және эксперименталды тапсырмалардың материалдарын талқылау, талдау және бекіту үшін әдістемелік комиссияның көшпелі мәжілісі өткізіледі.
15. Олимпиада тапсырмаларын дайындау жұмысын әдістемелік комиссия қатаң құпия түрде өткізеді.
16. Әдістемелік комиссияның жұмысы сметаға сәйкес олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің бюджетінен қаржыландырылады.
 
V. ХМО халықаралық қазылар алқасы
17. Қазылар алқасы — ХМО өткізу кезінде әрекет ететін жұмыс органы. Қазылар алқасының құрамына оның екі тең төрағасы және қазылар алқасының мүшелері кіреді. Қазылар алқасының құрамын ХМО ұйымдастыру комитеті бекітеді.
18. Қазылар алқасын ХМО ұйымдастыру комитетінің тең төрағалары мен әдістемелік комиссияның төрағасы қалыптастырады.
19. Қазылар алқасының жұмысын оның тең төрағалары басқарады. Тең төрағалардың бірі әдістемелік комиссияның төрағасы болып табылады, екінші тең төрағаны Ұйымдастыру комитеті ұйымдастырушы елдің өкілдері арасынан тағайындайды. Тең төрағалар барлық мәселелерді шешкенде тең құқықтарды пайдаланады.
20. Қазылар алқасының міндеттеріне:
қатысушылардың жазбаша жұмыстарын және эксперименталды жұмыстың орындалуын тексеру және бағалау, сондай-ақ, егер аппеляциялар болған жағдайда, оларды қарау;
ХМО жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау жатады;
21. Теориялық және эксперименталды айналымдардың тапсырмаларын тексеру шифрленген түрде жүргізіледі.
22. Әрбір есепті қазылар алқасының кем дегенде екі мүшесі тексереді. Тексерушілер жұмыстарды қатысушыларға көрсетуге қатысады.
23. Қажет болған жағдайда тапсырманы ұлттық тілге аударуды ұлттық команданың басшысы жүзеге асырады. Аударылуы тиіс тапсырманы қазылар алқасының тең төрағасы аудармашыларға тиісті айналымның алдында береді. Аудармашылардың жұмысы айналым басталғанға дейін аудармашы қатысушымен байланысқа түспеуін қамтамасыз ететін қазылар алқасының кезекші мүшесінің қатысуымен жүргізіледі.
24. ХМО жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау теориялық және эксперименталды айналымдарда жинаған балларды есептеу негізінде жүзеге асырылады.
 
VI. ХМО қатысушылары
27. ХМО-на ұлттық химия олимпиадаларының жеңімпаздары немесе жүлдегерлері болып табылатын қатысушы елдердің жоғары сынып оқушылары қатысады.
28. ХМО басқа елдердегі мектеп оқушыларының ұлттық командалары үшін ашық. Жаңа ел кезекті ХМО-на бақылаушы ретінде делегатын жіберуі тиіс, осыдан кейін ғана оның командасы ХМО-на қатысу үшін өтініш бере алады. Жаңа елдің қатысуы туралы шешімді ХМО ұйымдастыру комитеті елдің Білім министрлігінен ресми өтінім алғаннан кейін қабылдайды.
29. Әрбір ұлттық команда қатысушыларының санын (квотасын) Ұйымдастыру комитеті жыл сайын  командалардың қатысу нәтижелерін есепке ала отырып қатысушы командалардың басшыларымен келісіп белгілейді. Әрбір елден қатысушылардың ең көп саны 10 адамнан аспауы тиіс.
 
VII. ХМО өткізу тәртібі
30. ХМО мерзімдері туралы ақпарат пен оған қатысуға шақыру қағазы қатысушы елдердің білім беру органдарына алты айдан кешіктірмей жолданады.
31. ХМО бағдарламасы екі теориялық және бір эксперименталды айналымнан тұрады. ХМО барлық қатысушылары, жасы мен оқу сыныбына қарамастан, бірдей тапсырманы орындайды.
32. ХМО дайындау және өткізу кезінде Ұйымдастыру комитеті мен басқа да органдары осы Ережені басшылыққа алады.
33. ХМО өткізу кезеңінде онымен байланысты өзге де іс-шаралар – ғалымдардың дәрістері және олармен кездесулер, семинарлар (конференциялар) және материал жинақтарын кейін жариялау арқылы химия ғылымы мен мектептегі химия білімінің өзекті мәселелері жөнінде Дөңгелек үстелдер өтеді;
 
VIII. ХМО қорытындысын шығару және жеңімпаздарды марапаттау
34. ХМО қатысушылардың бірінші орынға лайықтыларын айқындайды. Командалардың қатысу қорытындысы шығарылмайды. ХМО қатысушы елдердің рейтингі бейресми нысанда анықталады.
35. ХМО жеңімпаздары алтын медальдармен және І дәрежелі дипломдармен марапатталады. Екінші және үшінші жүлдегерлер сәйкесінше күміс медальдармен (ІІ дәрежелі дипломдармен) және қола медальдармен (ІІІ дәрежелі дипломдармен), қалған қатысушылар грамоталармен марапатталады. Алтын медальдардың ең көп саны қатысушылардың жалпы санының 10%-нан, күміс – 20%-нан және қола – 30%-нан аспауы тиіс. Мейлінше төмен беделді медальдардың санын аса жоғары беделді медальдар есебінен арттыруға болады, бұл ретте олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің жалпы саны өзгермейді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің нақты санын қазылар алқасы шифрленген нәтижелерді талдау негізінде анықтайды.
36. Мектеп бітіру сыныптарының оқушылары арасынан ХМО жеңімпаздары мен жүлдегерлері туралы мәліметтерді ХМО Ұйымдастыру комитеті қатысушы елдердің Білім министрліктеріне олардың жеңілдікпен (түсу емтихандарынсыз) химия бейініндегі ЖОО бірінші курсына қабылданғандығы туралы қолдаухатпен бірге жолдайды.
 
IX. ХМО қаржыландыру
37. ХМО ұйымдастырушы елдің қаражаттары, ХМО құрылтайшы ұйымының салымдары есебінен, демеушілер қаржысын тарту, сондай-ақ командаларын ХМО-на жолдайтын ұйымдардың салымдары есебінен қаржыландырылады.
38. Қаражаттар ұйымдастыру комитетімен бекітілген сметаға сәйкес жұмсалады.
39. ХМО қатысушылары мен олармен бірге жүрген адамдардың жол шығындарын іссапарға жіберуші ұйымдар өтейді.
40. Ұйымдастыру комитетінің мүшелері мен Халықаралық қазылар алқасы мүшелерінің Мәскеуден ХМО өткізілетін орынға дейінгі және одан кері қайту жолақысын ресей тарапы өз мойнына алады.
 
 
ХИМИЯДАН МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕНДЕЛЕЕВ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ РЕГЛАМЕНТІ
 
Жалпы ережелер
Олимпиаданың негізгі мақсаттары мен міндеттері халықаралық байланыстарды және ТМД, Балтық және Шығыс Еуропа елдерінің аумағында бірыңғай білім беру кеңістігін нығайту; ТМД-дағы басты білім беру орталығы ретінде Ресейдің позициясын нығайту; мектеп оқушыларының химия саласындағы ғылыми қызметке деген қабілеттіліктері мен қызығушылығын анықтау; ғылыми білімдерді насихаттау және мәдениаралық қарым-қатынас орнату болып табылады.
Олимпиаданы Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрлігі, М.В.Ломоносов атындағы ММУ химия факультеті Олимпиада өткізетін елдердің университеттері мен білім министрліктерінің қатысуымен, осы елдердің Үкіметтерінің қолдауымен жыл сайын өткізеді.
 
Олимпиаданы ұйымдастыру және өткізу тәртібі
Олимпиада жыл сайын сәуірдің аяғы – мамырдың басында өткізіледі. Келесі Олимпиаданы өткізетін ел мен қала Ұйымдастыру комитетінің мәжілісінде кезекті Олимпиаданы өткізу күндері қатысушы елдердің білім министрлері қол қойған осы елдердің үкіметтерінен келіп түскен өтінімдерді қарау негізінде бекітіледі. Олимпиада үш айналымнан – екі теориялық және бір эксперименталды айналымнан тұрады.
 
Олимпиадаға қатысу тәртібі және жеңімпаздарды анықтау
Олимпиадаға қатысушы елдердің ТМД, Балтық елдерінің, Болгария, Румыния мен Македонияның ұлттық химия олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері болып табылатын жоғары сынып оқушылары қатысады. Олимпиадаға қатысушылар саны «Халықаралық Менделеев олимпиадасы туралы ережеде» айқындалады және 10 адамнан аспайды. Барлық қатысушылар, жасына қарамастан, бірдей тапсырманы орындайды. Мектеп оқушылары, Олимпиада жеңімпаздары 1-ші дәрежелі дипломдармен және алтын медальдармен; Олимпиада жүлдегерлері 2-ші және 3-ші дәрежелі дипломдармен және сәйкесінше күміс және қола медальдармен марапатталады. Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің саны Олимпиадаға қатысушылардың жалпы санының 60%-нанаспайды,оның ішінде 10% – алтын медальмен, 20% – күміс және 30% – қола медальдармен марапатталғандар.
 
Олимпиаданы ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету
М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің химия факультетінің ғалымдары мен оқытушыларынан құралған Олимпиаданың тұрақты Ұйымдастыру комитеті құрылып, жұмыс істеп келеді. Ережеге сәйкес Ұйымдастыру комитеті жыл сайын Олимпиаданы өткізетін елдің өкілдерімен толығып отырады.
Олимпиаданы Ұйымдастыру комитеті:
олимпиаданы өткізу нысанын белгілейді және оның ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз етілуін жүзеге асырады;
Олимпиаданың әдістемелік комиссиясы мен қазылар алқасының құрамын бекітеді;
Олимпиаданың әдістемелік комиссиясының есебін тыңдайды;
Олимпиаданың әдістемелік комиссиясының көшпелі сессияларын өткізу тәртібін белгілейді;
Олимпиаданы өткізу кезінде туындаған даулы жағдайларды қарастырады;
Ресей Білім және ғылым министрлігінің қорытындылары бойынша жыл сайынғы есебін ұсынады.
 
Олимпиада өткізу үшін негіздемелер
«Ресей Федерациясының Тәуелсіз елдер достастығында білім саласындағы ықпалдастыру процестерін қолдау бағдарламасы туралы» РФ Үкіметінің 2004 жылғы 21 қазандағы №572 Қаулысы.
ХМО ұйымдастыру комитетінің және қатысушы елдердің өкілдерінің 2004 ж. 9 мамырда Кишинэу қаласында (Молдова Республикасы) өткен бірлескен жиналысында қабылданған химиядан мектеп оқушыларының халықаралық Менделеев олимпиадасы туралы ереже.
 
В.В. Лунин,
Халықаралық Менделеев олимпиаданың
Ұйымдастыру комитетінің төрағасы,
М.В. Ломоносов атындағы ММУ
химия факультетінің деканы,
профессор, РҒА академигі