Астана – Қазақстанның бас қаласы

Астана (1998 жылдың 6 мамырына дейін - Ақмола) Қазақстан Республикасы Президенті-нің 1997 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен және Қазақстан Республикасы Парламентінің мақұлдауымен 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды.
 
Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өткізілді.
 
1920 жылдан бастап Қазақстанның тұңғыш астанасы Орынбор қаласы (қазірде Ресей Федерациясындағы) болды.
 
1925 жылы Қазақстанның астанасы Қызылорда қаласына көшірілді.
 
Түрксіб құрылысы астананы Алматыға көшіруде басты себеп болды. Бұл заң жүзінде 1927 жылғы 3 сәуірде, іс жүзінде 1929 жылы жүзеге асырылды.
 
АСТАНА – Қазақстан Республикасының елордасы Астананың аумағы 710,2 шаршы километр, тұрғындардың саны 2007 жылдың     1 маусымында – 584,8 мың адамды құрады.
 
Астана халықаралық іскерлік және мәдени орталыққа айналып келеді. Қалада әкімшілік, іскерлік, әлеуметтік-мәдени, ғылыми-білім беру және бизнес-орталықтардың, тұрғын үй кешендерінің, алдыңғы қатарлы мемлекеттер астаналарының стандарттарына сай келетін елордалық инфрақұрылым нысандарының құрылысы жанданып, бой көтерілуде. Әкімшілік орталық аймағында ҚР Президентінің резиденциясы, ҚР Парламенті мен Үкіметінің ғимраттары орналасқан. Елорданың іскерлік орталығында кеңселер мен компаниялар, сауда орталықтары, мейманханалар, ал әлеуметтік-мәдени орталығында театрлар, мұражайлар, демалыс орындары, спорт залдары, ойын-сауық орталықтары орналасады.
 
astana_31
Астанадағы терең әрі кең көлемді өзгерістер әлемдік ұйымдар назарынан тыс қалмады. 1999 жылдың шілде айында елордамыз ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына ие болды. 2003 жылы әлемдік «Moodys Investors Service» рейтингтік агенттігі қаламыздың кредиттік рейтингісін Ва3 –тен (тұрақты) Ва1–ге (оң) дейін, бірден екі деңгейге көтерді.
 
Бүгінде елордамызды Мәскеу, Минск, Киев, Кишинев, Ташкент, Рига, Тбилиси, Баку, Каир, Исламабад, Берлин, Будапешт, Варшава, Вильнюс, Анкара, Гданьск, (Польша), Ушак (Түркия) , Бангкок (Таиланд), Сеул (Корей Республикасы), Амман (Иорданиялық Хашимит Корольдығы) секілді әлемнің жиырма қаласымен достық және бауырластық қарым-қатынастар тығыз байланыстырады.
 
2000 жылдан бастап, Қазақстан елордасы Астана Мәскеу, Минск, Бішкек және тағы да басқа ЕурАзЭҚ-тің ірі қалалары мүшелік ететін, әлеуметтік және іскерлік қатынас саласында беделді ұйым болып табылатын Астаналар мен ірі қалалар халықаралық Ассемблеясына (ХҚА) мүше болды.