Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері

Қазақстан Республикасының ұлттық туы
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы ортасында 32 сәулесі бар күн, оның астында самғаған дала қыраны бейнеленген көк түсті төртбұрышты полотно. Байрақтың сабында – ұлттық ою-өрнектер нақышталған тік жолақ жүргізілген. Күн, сәулелер, қыран мен ою-өрнектер алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы: 1:2.
 
Қазақстан Республикасының ұлттық елтаңбасы
 
Қазақстанның ұлттық елтаңбасының негізгі идеясын көрсетіп тұрған орталық элементі шаңырақ – киіз үйдің дөңгелек күмбезі, одан уықтар (тіректер) аңыздық пырақтардың қанаттарымен көмкеріліп жан-жаққа күн сәулесіндей таралған. Республиканың мемлекеттік елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі — бұл Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық адамдардың ортақ үйі іспеттес. Шаңырақтың беріктігі оның уықтарына (тіректеріне) қалай байланысты болса, оның ішіндегі бақыт әрқайсысының әл-ауқатына байланысты болмақ.
 
Елтаңбада бейнеленген Тұлпар — аңыздағы қанатты пырақ. Осындай пырақтар Ыстықкөлде табылған Алтын адамның дулығасында бейнеленген. Қанаттары мықты, гүлденген мемлекет құру туралы арманды білдіреді. Олар сонымен қатар қоғамның табиғатпен және әлемдік өркениетпен үйлесімдігін жетілдіру мен қол жеткізудегі ақ ниетіміз бен құлшынысымызды білдіреді. Республиканың мемлекеттік елтаңбасында екі аңыздық пырақтар бейнеленген, олар екеуі де шаңырақты екі жағынан қорғап тұрғандай. Олар сондай-ақ ортақ үйіміз – Отанға қызмет ету идеясын айқын білдіріп тұр. Отанды көздің қарашығындай қорғау және оған адал қызмет ету аңыздық пырақтар образына салынған маңызды лейтмотивтердің бірі.
Елтаңбаның түс гаммасын екі негізгі түс – алтын және көк түстер құрайды. Біріншісі жарқын, ашық болашақты білдіреді. Көк аспан әлемдегі барлық халықтар үшін ортақ. Оның Елтаңбада көрініс табуы Қазақстанның бейбітшілікке, келісімге, әлемдегі барлық халықтармен достастуы мен ынтымақтасуына талпынысын білдіреді.
 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны

Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев

Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов

 

Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы,

Ерліктің дастаны,

Еліме қарашы!

Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой!

 

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін, елім!

Туған жерім менің - Қазақстаным!

 

Ұрпаққа жол ашқан,

Кең байтақ жерім бар.

Бірлігі жарасқан,

Тәуелсіз елім бар.

Қарсы алған уақытты,

Мәңгілік досындай,

Біздің ел бақытты,

Біздің ел осындай!

 

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін, елім!

Туған жерім менің - Қазақстаным!